Рыбакина Серена Уильямстың тенниске қайта оралуына қатысты пікір білдірді

Айнат Қабидулла··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Серена Уильямстың кәсіби тенниске қайта оралуына қатысты пікір білдіріп, бұл оқиғаның бүкіл спорт әлемі үшін маңызды екенін атап өтті.

44 жастағы америкалық теннисші спорттан кеткеніне төрт жылға жуық уақыт өткеннен кейін мансабын қайта жалғастыратынын хабарлаған. Рыбакина Серена Уильямсты қайта кортта көргеніне қуанышты екенін айтты.

«Бұл – теннис үшін өте жақсы жаңалық. Жанкүйерлер Серенаны қатты сағынған сияқты. Оның кортқа қайта оралғанын көру әрдайым қызық, өйткені мұндай ойыншылар біздің спортты ерекше етеді», – деді Рыбакина F1setpoint басылымына берген сұхбатында.  

Қазіргі уақытта Уильямс Лондонда өтетін WTA 500 санатындағы турнирге қатысуда. Америкалық теннисші жұптық жарыста өнер көрсетіп, канадалық Виктория Мбокомен бірге ойнап жатыр.

Елена Рыбакина да Лондондағы жарысқа қатысуда. Қазақстандық спортшы жекелей сында жарысты екінші айналымнан бастайды.