Басты бет
·
Теннис

Рыбакина ширек финалдағы ықтимал қарсыласын білді

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Польшалық теннисші Катажина Кава Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан WTA 500 санатындағы турнирдің ширек финалына шықты. Әлемдік рейтингте 128-орында тұрған спортшы екінші айналымда швейцариялық Белинда Бенчичті жеңді.

Әлемдік рейтингтің 14-ракеткасы әрі Токио-2020 Олимпиадасының чемпионы саналатын Бенчич күтпеген жерден қарсыласына есе жіберді. 33 жастағы польшалық теннисші кездесуді екі сетте 7:5, 6:2 есебімен аяқтады. Ойын 1 сағат 43 минутқа созылды.

Қытай, Нинбо. WTA 500. 1/8 финал

Катажина Кава (Польша) – Белинда Бенчич (Швейцария) – 7:5, 6:2

Келесі кезеңде Кава қазақстандық Елена Рыбакинамен кездесуі мүмкін. Қазақстандық теннисші турнирдің бірінші нөмірлі спортшысы саналады әрі Нинбодағы жарыстың қазіргі чемпионы.

Алайда ширек финалға шығу үшін Рыбакина алдымен Өзбекстан өкілі Полина Кудерметовадан басым түсуі керек. Әлемдік рейтингте 105-орында тұрған теннисшімен кездесу қазақстандық спортшы үшін турнирдегі алғашқы матч болмақ. Рыбакина жарысты екінші айналымнан бастады.

Елена Рыбакина мен Полина Кудерметова арасындағы матч 22 қазанға жоспарланған. Кездесу Астана уақытымен сағат 16:00-де басталады.