Рыбакина Wuhan Open турнирінің басты жұлдызы атанды

Фото: Getty Images
Wuhan Open ұйымдастырушылары Қытайда 12-18 қазан аралығында өтетін WTA 1000 санатындағы турнирге қатысатын теннисшілердің тізімін жариялады. Жарыстың басты жұлдызы – Қазақстан өкілі, әлемнің бірінші ракеткасы және US Open турнирінің қазіргі чемпионы Елена Рыбакина.
Уханьдағы бәсекенің деңгейі жоғары болмақ: WTA рейтингінің алғашқы ондығындағы барлық теннисші турнирге қатысатынын растады. Рыбакинадан бөлек Қытайға Арина Соболенко, Джессика Пегула, Коко Гауфф, Мирра Андреева, Линда Носкова, Элина Свитолина, Каролина Мухова, Ига Швентек және Марта Костюк келеді. Үздік 25 теннисшінің арасынан тек Виктория Мбоко ғана жарысқа қатыспайды. Ол тізе жарақатынан кейін әлі де қалпына келіп жатыр.
Алдағы турнир Рыбакина үшін мансабындағы басты жетістіктерінің бірі – әлемдік рейтингтің көшін бастауынан кейінгі алғашқы ірі жарыстардың бірі болмақ.
Қазақстандық теннисші WTA рейтингінде бірінші орынға US Open кезінде-ақ кепілдік берген. Ширек финалда ол Олимпиада чемпионы Чжэн Циньвэньді 3:6, 6:1, 6:4 есебімен жеңді. Дәл осы жеңіс Еленаға турнир аяқталғаннан кейін Арина Собаленконы басып озып, рейтингте бірінші орынға шығуына жеткілікті ұпай жинауға мүмкіндік берді.
Рыбакина Нью-Йоркте мұнымен тоқтаған жоқ. Финалда ол тағы да Собаленкоға қарсы ойнап, 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңіске жетіп, алғаш рет US Open чемпионы атанды. Бұл оның «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші титулы болды. Бұған дейін ол 2022 жылғы Уимблдон мен 2026 жылғы Australian Open жарыстарында чемпион атанған.
14 қыркүйекте жаңартылған рейтингте Рыбакинаның әлемдегі бірінші орынға шыққаны ресми түрде бекітілді. Ол WTA тарихында әлемдік рейтингті басқарған 30-шы теннисші атанды. Сондай-ақ ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан өкілдері ішінде жекелей сында әлемдік рейтингтің шыңына көтерілген алғашқы спортшы болды.
Енді жаңа мәртебесінде Елена Азия сериясына аттанады. Уханьда ол рейтингтегі басты қарсыластарының бірі, осы маусымда қазақстандық теннисші Australian Open және US Open финалдарында қатарынан жеңген Собаленкомен қайтадан бәсекеге түседі.
Wuhan Open негізгі кезеңіне 56 теннисші қатысады: оның 43-і турнирге тікелей жолдама алады, сегізі іріктеу кезеңінен өтеді, төртеуіне арнайы шақырту беріледі, тағы бір орын арнайы рұқсат арқылы бөлінеді. Жеребе тарту рәсімі 10 қазанда өтеді.
Турнирдің қазіргі чемпионы – Коко Гауфф. Америкалық теннисші 2025 жылы бірде-бір сетте жеңілмей, чемпиондық атаққа қол жеткізді. Wuhan Open-2026 жеңімпазы рейтингтік 1000 ұпай мен 665 мың доллар көлемінде жүлде алады.
Рыбакина үшін Ухань турнирі енді әлемдік рейтингтің шыңына таласатын теннисші ретінде емес, әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесінде өз позициясын нығайтуға берілетін кезекті мүмкіндік болмақ.