Рыбакинаны жеңген украин теннисшісі жаңа маусымдағы жеңіске жетелеген мотивациясы туралы айтты

WTA
Әлемнің 10-ракеткасы, украиналық Элина Свитолина 2026 жылғы маусымда нәтижесін қалай жақсартқанын айтып берді.
— Биылғы жылы сіз соңғы бірнеше қиын маусымнан кейін тосыннан тамаша ойын көрсетіп жүрсіз. Карьераңыздағы бұл ғаламат кезеңді немен байланыстырасыз?
— Біздің сүйікті қызымыз Скай дүниеге келгеннен кейін корттағы осындай сәттерді бастан өткеру мен үшін ерекше құнды бола түсті. Топ-10 қатарына қайта оралу, ірі матчтарға қатысу және сол кездесулерде жеңіске жету — мұның бәрі маған айрықша әрі жүрекке жақын эмоциялар сыйлауда. Дәл сол сезімдер мені ары қарай жалғастырып, бұдан да биік нәтижеге жетуге ынталандырады, — деді Свитолина корттағы сұхбатында.
Еске салайық, Элина Свитолина Римде өтіп жатқан WTA-1000 санатындағы топырақ жабындысындағы турнирдің ширек финалында әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакинаны жеңген болатын.
Матч 2 сағат 25 минутқа созылып, Свитолинаның 2:6, 6:4, 6:4 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
Жартылай финалда украиналық теннисші польшалық Ига Швёнтекпен кездеседі.
Римдегі Internazionali BNL d’Italia турнирі дәстүрлі түрде топырақ маусымындағы ең маңызды жарыстардың бірі әрі «Ролан Гарросқа» дайындық кезеңі деп саналады. Биыл турнир 5–17 мамыр аралығында өтіп жатыр.
Әйелдер арасындағы жекелей сында 96 теннисші бақ сынауда. Жалпы жүлде қоры — 8 312 293 АҚШ долларын құрайды.
Турнирдің қазіргі чемпионы — италиялық Жасмин Паолини. Ол өткен жылғы финалда америкалық Кори Гауффты 6:4, 6:2 есебімен жеңген еді.