Садовский Қазақстан азаматтығын алатыны туралы қауесетке жауап берді

Али Асетов··
«Ордабасы» ФК

«Ордабасы» ФК

Көкшетаулық «Оқжетпес» шабуылшысы Всеволод Садовский әлеуметтік желілерде тараған Қазақстан азаматтығын алуы мүмкін деген ақпаратқа пікір білдірді.

Бұған дейін спорттық пабликтердің бірінде «Оқжетпестің» бірден екі ойыншысы азаматтығын ауыстыруы мүмкін деген ақпарат тараған еді. Олардың қатарында беларусьтік шабуылшы Всеволод Садовский мен ресейлік қақпашы Мирослав Лобанцев аталды. Алайда жарияланым авторлары бұл қадам футболшылардың Қазақстан ұлттық құрамасында ойнауымен байланысты емес екенін жазған.

Садовский тараған ақпаратқа өзі жауап беруді жөн көрді. Шабуылшы әлеуметтік желідегі парақшасында тиісті жазба жариялап, оның астына қысқа пікір қалдырды.

«Өтірік!» – деп жазды футболшы. Осылайша ол Қазақстан паспортын алуға ниетті екені туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Беларусьтік шабуылшы биыл жазда «Оқжетпестің» ойыншысы атанды. Клуб оның ауысқанын 16 маусымда ресми түрде хабарлады. Содан бері футболшы Қазақстан чемпионатында бес матчқа қатысты.

Садовский қазақстандық жанкүйерлерге «Ордабасы» сапындағы өнері арқылы жақсы таныс. Ол Шымкент клубының намысын 2022-2024 жылдар аралығында қорғады. Командадан кеткеннен кейін футболшы мансабын Польшаның «Котвица» клубында жалғастырып, кейін Қазақстан Премьер-лигасына оралып, көкшетаулық командамен келісімшартқа отырды.

Айта кетейік, «Оқжетпес» соңғы жылдардағы ең үздік маусымдарының бірін өткізіп жатыр. 21 турдан кейін команда 33 ұпай жинап, турнирлік кестенің жоғарғы бөлігінде орналасқан. Көкшетаулық клуб қазіргі таңда төртінші орында тұр.

Садовский Қазақстан азаматтығын алатыны туралы қауесетке жауап берді – sport-hub