Сатпаев «Бернлиге» жалға берілді: трансфер құны мен алғашқы ойыны белгілі болды

Фото: ФК Бернли
18 жастағы Дастан Сатпаев мансабын «Бернли» сапында жалғастырады. Қазақстандық шабуылшы «Челсиден» Чемпионшип клубына жалға ауысып, 2026/27 жылғы маусымды жаңа командасында өткізеді.
Transfermarkt мәліметінше, «Бернли» Сатпаевтың жалға алынуы үшін «Челсиге» 350 мың еуро төлейді. Бұл шамамен 190 миллион теңгеге тең. Сонымен қатар клубтар арасындағы келісімде қазақстандық футболшының алаңға шығу уақытына қатысты арнайы шарт қарастырылған. Яғни «Бернли» құрамында Сатпаевтың тұрақты ойын тәжірибесін алуы маңызды.
«Челси» қазақстандық шабуылшыны ұзақ мерзімді жоспарына енгізіп отыр. Сатпаев 18 жасқа толғаннан кейін Лондон клубының ресми ойыншысына айналып, 2033 жылға дейін келісімшартқа қол қойды. Бұған дейін ол «Челсидің» негізгі құрамымен бірге маусым алдындағы дайындыққа қатысып, «Вестерн Сидней Уондерерс» командасына қарсы жолдастық кездесуде гол соққан.
Сатпаевтың «Бернли» сапындағы дебюті 16 тамызда өтуі мүмкін. Бұл күні команда өз алаңында «Вест Хэмді» қабылдайды. Кездесу «Терф Мур» стадионында Астана уақытымен 20:00-де басталады. Қазақстандық футболшы бұған дейін бұл ауысуды мансабындағы маңызды кезең деп атап, «Бернлиге» Премьер-лигаға қайта оралу жолында көмектескісі келетінін айтқан.