Сауд Арабиясында өтетін Азия ойындарының жаңа мерзімі бекітілді

Фото: Getty Images
Азия Олимпиадалық кеңесі 2026 жылы Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтуі тиіс жабық кешендегі және жауынгерлік өнер түрлерінен VI Азия ойындарының мерзімі өзгергенін жариялады. Ұйымдастырушылар жарыстың жаңа күндерін бекітті.
Жабық кешендегі және жауынгерлік өнер түрлерінен VI Азия ойындары 2027 жылдың 28 наурызы мен 8 сәуірі аралығында өтеді. Бұл шешімді Азия Олимпиадалық кеңесі мен жарыстың ұйымдастыру комитеті бірлесіп қабылдады.
Тараптардың бірлескен мәлімдемесіне сәйкес, жаңа мерзімдер қатысушы елдердің ұлттық олимпиадалық комитеттерімен және турнир серіктестерімен кеңескеннен кейін келісілген.
Жарыстың кейінге шегерілуіне ұйымдастыру және логистика мәселелерін қайта қарау, сондай-ақ халықаралық спорт күнтізбесімен үйлестіру қажеттілігі себеп болған. Ұйымдастырушылар жаңа мерзім ұлттық құрамалардың кеңірек қатысуына және жарысты оңтайлы жағдайда өткізуге мүмкіндік береді деп күтеді.
Алдын ала мәлімет бойынша, алдағы ойындарға Азияның 45 елінен 4500-ден астам спортшы қатысады. Олардың қатарында құрлықтық кешенді жарыстарда тұрақты өнер көрсететін Қазақстан құрамасының өкілдері де бар.
Бұл турнир тарихындағы алтыншы дода әрі Сауд Арабиясы қабылдайтын Азия Олимпиадалық кеңесінің қамқорлығымен өтетін алғашқы кешенді спорттық жарыс.
Айта кетейік, жабық кешендегі және жауынгерлік өнер түрлерінен Азия ойындарының бағдарламасына жекпе-жек түрлері мен жабық ареналарда өтетін өзге де спорттық пәндер кіреді.