Сергей Малый Венгриядан жеңілген матчқа қатысты пікір білдірді

Фото: ҚФФ
Қазақстан құрамасының қорғаушысы Сергей Малый Венгрияға қарсы өткен жолдастық кездесуді қорытындылады. Матч 3:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталған болатын.
Қазақстан құрамасының жалғыз голының авторы команда мықты қарсыласқа қарсы мінез көрсетіп, лайықты ойын өрнегін танытқанын атап өтті.
«Сырт алаңдағы екі матч оңай болған жоқ. Ойындар арасындағы уақыт өте аз болды, оған қоса үнемі жол үстінде жүрдік. Венгрияның мықты құрама екенін білдік. Матчқа тыңғылықты дайындалдық. Біздің команданың басты артықшылығы – мінезі. Бұл ең маңызды нәрсе.
Сырт алаң факторы да әсер етті, ал венгрлердің деңгейі жоғары екені анық. Әлі де жұмыс істейтін тұстар бар. Бірақ ең бастысы – біз де, қарсылас та біздің осы деңгейде ойнай алатынымызды сезінді.
Иә, бізге қиындау болуы мүмкін, олардың шеберлігі сәл жоғары шығар. Бірақ бізде мінез бар. Тағы бір нәрсені айтқым келеді: біздің қатысуымыздағы матчтарды Азия төрешілері де басқаруы керек деп ойлаймын. Олар біздің құраманы жақсы біледі. Еуропалық құрамаларға қарсы ойында еуропалық төрешілердің жұмыс істеуі көңілге қонбайды.
Біз Қазақстанды жақсы көреміз және ел намысы үшін әрқашан соңына дейін күресеміз. Ешкімге оңайлықпен жол бермейміз. Ал соққан голымды жұбайыма арнаймын. Ол жақында үшінші баламызды – қызымызды дүниеге әкелді. Оны қатты жақсы көремін», – деді Малый ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Еске салайық, Дебрецен қаласында өткен жолдастық кездесуде Қазақстан құрамасы есеп ашқанымен, кейін Венгрия сапындағы Доминик Собослаи, Андраш Шефер және Раймунд Тоттың голдары алаң иелеріне жеңіс сыйлады.