Шайдоров АҚШ-қа Рафаэль Арутюнянның жетекшілігімен тәжірибеден өтуге аттанды

Темирлан Мажекенов ··
Фото: ҚР ХОК

Фото: ҚР ХОК

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров АҚШ-қа тағылымдамадан өтуге барды. Бұл туралы спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Алдағы бір ай бойы Шайдоров Лос-Анджелесте танымал бапкер Рафаэль Арутюнянның жетекшілігімен жаттығады.

«Қарқынды әрі мазмұнды айды асыға күтіп жүрмін», – деп жазды спортшы әлеуметтік желіде.

Михаил Шайдоров – 2026 жылғы Олимпиада чемпионы, 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2025 жылғы Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы және Қазақстанның бес дүркін чемпионы (2020–2024).

Сондай-ақ оның қоржынында 2022 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс медалі мен Гран-при кезеңдерінде жеңіп алған жүлделері бар.

Ал Рафаэль Арутюнян – әлемдік мәнерлеп сырғанау спортының ең беделді мамандарының бірі. Ол Олимпиада чемпиондары мен халықаралық ірі жарыстардың жүлдегерлерін тәрбиелеген танымал бапкер ретінде белгілі.

Оның шәкірттері қатарында 2022 жылғы Олимпиада чемпионы Нэйтан Чен бар. Сонымен қатар Арутюнян әлемдік мәнерлеп сырғанау жұлдыздары Мао Асада, Мишель Кван және Саша Коэнмен де жұмыс істеген.