Шара Буллет америкалық күрес лигасымен келісімшартқа қол қойды

Фото: Советский спорт
UFC ұйымының ресейлік файтері Шарабутдин Магомедов, яғни Шара Буллет, америкалық Real American Freestyle (RAF) еркін күрес лигасымен келісімшартқа қол қойды.
Бұл трансфер туралы лиганың өзі хабарлап, 5 қыркүйекте Мәскеуде алғашқы турнирін өткізетінін атап өтті. Ұйымдастырушылар Магомедовтың дебютіне қызығушылықты арттыру мақсатында оның алғашқы қарсыласы кім болатынын талқылай бастады.
Соңғы рет Шара Буллет октагонға UFC Fight Night 280 турнирінде Бакуде шығып, бразилиялық Мишел Перейраны төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген болатын.
Шарабутдин Магомедов аралас жекпе-жекте 22 кездесу өткізіп, оның 21-інде жеңіске жеткен. RAF-пен келісімшартқа отырғанына қарамастан, ресейлік файтер UFC ұйымында өнер көрсетуді жалғастыра береді.