Шавкат Рахмонов өзіне ең принципті қарсыласын атады

Фото: Getty Images
Жартылай орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық UFC файтері әлемнің ең үздік лигасында қай қарсыласын жеңгісі келетінін айтты.
Шавкат Рахмонов Alfglobal арнасына берген сұхбатында ықтимал қарсыластарының арасынан «аузын біржола жапқысы» келетін файтер туралы сұраққа жауап берді.
«Мына қара бала Бакли. Ол үнемі бірдеңе айтады, жазады, сөйлейді. Мүмкіндік болса, оны ұрамын», — деді Рахмонов.
31 жастағы Рахмонов кәсіби мансабында жеңіліп көрмеген. Оның рекорды — 19:0. Қазақстандық файтер UFC-де алты жеңіске жетіп, оның бесеуін мерзімінен бұрын аяқтады. Ол Мишель Празерес, Карлстон Харрис, Нил Мэгни, Джефф Нил және Стивен Томпсон секілді қарсыластарын жеңген.
Қазақстандық спортшы октагонға соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында Лас-Вегаста өткен UFC 310 турнирінде шықты. Сол жекпе-жекте төрешілердің бірауызды шешімімен ирландиялық Иэн Гэрриден басым түсті. Содан бері Рахмонов сол жақ тізесінен алған жарақатына байланысты ұзақ уақыт үзіліс алды. Спортшы тізесіне бірнеше рет ота жасатып, кейін оңалту курсынан өтті.
Ақпан айында Шавкат белсенділік танытпағаны үшін UFC рейтингінен шығарылды. Сәуірде ол жаттығуын қайта бастап, октагонға 2027 жылы оралуды жоспарлап отыр.
32 жастағы Хоакин Баклидің (21-8) қазіргі таңда қатарынан екі жеңілісі бар. Мамыр айында америкалық файтер төрешілердің шешімімен отандасы Шон Брэйдиден жеңілді. Ал оған дейін UFC-дің бұрынғы чемпионы, нигериялық Камару Усманнан ұтылған.