Басты бет
·
MMA/UFC

Шавкат Рахмонов UFC-ге қашан оралады? Бақытов соңғы жаңалықты айтты

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Азамат Бақытов тізесіне жасалған екінші операциядан кейін қалпына келіп жатқан Шавкат Рахмоновтың қазіргі жағдайы туралы айтып берді.

Бұған дейін Рахмоновпен бірге жаттыққан Бақытовтың айтуынша, қазір «Номад» физикалық дайындығын қалпына келтіруге басымдық беріп отыр. Спортшы жаттығу процесіне бокс сабақтарын қосқанымен, толыққанды күрес жаттығуларына әлі кіріскен жоқ.

«Қазір Шавкат әлі де қалпына келіп жатыр, жарақаты бар. Ол бір жарым-екі айдан кейін күресті бастайтынын айтты. Сол кезде біз де барып, Шавкатқа көмектесеміз. Ол күреске оралған кезде бірге жұмыс істеуге келістік. Қазір оның жаттығуы тек темірмен жұмыс істеу, қалпына келу және бокстан тұрады. Оның оралуын, шамасы, жыл соңына қарай күтеміз», – деді Бақытов «Вестнику ММА» басылымына берген сұхбатында.

Осылайша, Рахмоновтың күрес жаттығуларына толыққанды оралуы шамамен бір жарым-екі айдан кейін күтіледі. Егер қалпына келу процесі жоспар бойынша жалғасса, қазақстандық спортшы 2026 жылдың соңына қарай октагонға оралуы мүмкін.

Рахмонов соңғы ресми жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында UFC 310 турнирінде өткізді. Сол кезде қазақстандық спортшы ирландиялық Иэн Мачадо Гэрриді төрешілердің бірауызды шешімімен жеңді.

Осыдан кейін Рахмонов тізесіндегі мәселелерге байланысты ұзақ уақыт үзіліс алуға мәжбүр болды. 2026 жылдың басында жарақаты қайта асқынып, спортшы екінші рет операция жасатты.

Қазіргі таңда Рахмоновтың кәсіби мансабында 19 жеңіс бар. Ол ММА-да жеңіліп көрмеген және UFC-дің жартылай орта салмағында өнер көрсетеді.