Шевченко Цинциннатидегі «Мастерс» турнирінің негізгі кезеңіне өте алмады

Фото: Alberto Simón/César de Pablos
Әлемнің 89-ракеткасы Александр Шевченко АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтіп жатқан ATP-1000 санатындағы турнирдің іріктеу кезеңіндегі өнерін аяқтады. Қазақстандық теннисші шешуші матчта австралиялық Кристофер О’Коннеллге есе жіберді.
Іріктеудің финалдық кезеңінде қазақстандық теннисші әлемнің 133-ракеткасы О’Коннеллмен кездесті. Австралиялық спортшы екі сетте жеңіске жетіп, Шевченконың турнирдің негізгі кезеңіне тікелей жолдама алуына мүмкіндік бермеді.
Еске салайық, бұған дейін алғашқы іріктеу кезеңінде Шевченко испаниялық Пабло Льямас Руисті 6:3, 6:4 есебімен жеңген болатын.
Цинциннатидегі турнир 13-23 тамыз аралығында өтеді. Жарыстың жалпы жүлде қоры 9 415 725 долларды құрайды. Ал жекелей сында жеңімпаз 1 151 380 доллар және рейтингтік 1000 ұпай алады. Турнирдің қазіргі чемпионы испаниялық Карлос Алькарас. Алайда ол жарақатына байланысты биылғы жарысқа қатыспайды.