Швейцария пенальти сериясында Колумбияны жеңіп, ширек финалға шықты

Фото: Getty Images
Швейцария құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалында Колумбияны пенальти сериясында жеңіп, турнирдің ширек финалына жолдама алған соңғы команда атанды.
Кездесу Канаданың Ванкувер қаласындағы «Би-Си Плэйс» стадионында өтті. Матчқа сальвадорлық төреші Иван Бартон бастаған төрешілер бригадасы қазылық етті.
Негізгі уақыт пен қосымша 30 минутта екі команда да есеп аша алмады. Қос құрама сақ ойын көрсетіп, қорғаныс шебі мен қақпашылар сенімді өнер көрсетті.
Жеңімпаз матчтан кейінгі пенальти сериясында анықталды. Бұл сында швейцариялық футболшылар бес соққының төртеуін дәл орындаса, колумбиялықтар үш мәрте ғана мергендік танытты. Қорытынды есеп – 4:3.
2026 жылғы әлем чемпионаты
1/8 финал
Швейцария – Колумбия – 0:0 (пенальти сериясы – 4:3)
Осы жеңістің арқасында Швейцария әлем чемпионатының ширек финалына шықты. Келесі кезеңде еуропалық құрама Аргентинамен кездеседі.
Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнирдің финалы 19 шілдеде өтеді.