Басты бет
·
Lifestyle

Шыңғыс Айтматовтың өмірі туралы фильмнің алғашқы трейлері шықты

Бекарыс Әлімхан··
Шыңғыс Айтматовтың өмірі туралы фильмнің алғашқы трейлері шықты

Қырғыздың әйгілі жазушысы Шыңғыс Айтматовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Айтматов» биографиялық фильмінің алғашқы трейлері жарық көрді.

Фильм оқиғасы 1979 жылы өрбиді. Бұл кезеңде жазушы «Ғасырдан да ұзақ күн» романымен жұмыс істейді. Ол кеңестік цензурамен күресіп, Еуропаға сапары кезінде шетелде қалып қою мүмкіндігіне ие болады. Алайда жазушы Батыста қалу немесе Отанына оралу туралы қиын таңдау жасауға мәжбүр болады.

Басты рөлді қырғыз актері Болот Теңтімышов сомдады. Кеңестік ақын әрі жазушы Борис Пастернактың бейнесін Сергей Безруков алып шықты. Фильмге Равшана Куркова, Михаил Сотников, Марат Амираев, Абылай Марат уулу, Эмиль Эсеналиев және басқа да актерлер қатысты.

Картинаның режиссері – бұған дейін «Аналардың аяғының астындағы жұмақ» фильмінде оператор болып жұмыс істеген Қаныбек Калматов. «Айтматов» оның толықметражды фильмдегі алғашқы режиссерлік жұмысы болды. Түсірілімнің негізгі бөлігі Қырғызстанда, ал кейбір көріністер Ресейде өтті.

Айта кетейік, Шыңғыс Айтматов – Қырғызстанның және кеңестік кезеңнің ең танымал жазушыларының бірі. Оның «Жәмила», «Алғашқы ұстаз», «Ақ кеме», «Жан пида» және «Ғасырдан да ұзақ күн» шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылған. Көптеген туындысы театр сахнасына бейімделіп, киноға түсірілген.