Скатов Самрейді Дэвис кубогында жеңді

Қазақстандық теннисші Тимофей Скатов Астанада өтіп жатқан Дэвис кубогының Екінші әлемдік тобы аясындағы Қазақстан мен Таиланд құрамалары арасындағы кездесудің екінші матчында жеңіске жетті.
Екінші ойында Тимофей Скатов Каситид Самреймен кездесті. Теннисшілер кортта 1 сағат 50 минут өткізді. Нәтижесінде Қазақстан өкілі екі сетте 6:4, 7:6 (7:4) есебімен жеңіске жетті.
Бұған дейінгі алғашқы матчта Александр Шевченко Таиландтың тағы бір өкілі Максимус Джонсты 6:4, 1:6, 7:5 есебімен ұтқан еді. Енді қазақстандық теннисшілер қарсыластарымен орын алмастырады. Ертең Скатов Джонспен, ал Шевченко Самреймен кездеседі.
Сондай-ақ 19 қыркүйекте жұптық сында Денис Евсеев пен Бейбіт Жұқаев Танапет Чанта және Пручья Исаро жұбына қарсы ойнайды.
Еске салайық, Қазақстан – Таиланд арасындағы кездесудің жеңімпазы Дэвис кубогының Бірінші әлемдік тобында өнер көрсету құқығына ие болады.