Скатов Уимблдон-2026 турнирінің негізгі кезеңіне шыға алмады

Фото: instagram.com/scatov_timofey
Қазақстанның ерлер арасындағы үшінші ракеткасы Тимофей Скатов 2026 жылғы Уимблдон турнирінің іріктеу кезеңінің финалында жеңіліп қалды.
Іріктеудің шешуші кездесуінде ATP рейтингінде 178-орында тұрған қазақстандық теннисші әлемнің 136-ракеткасы, франциялық Кириан Жакемен кездесті. Үш сетке созылған матчта француз теннисшісі 7:6, 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Кездесу 2 сағат 28 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Скатов төрт эйс жасап, бес рет қос қателікке жол берді. Сондай-ақ ол бес брейк-пойнттың бірде-біреуін пайдалана алған жоқ.
Осылайша, Тимофей Скатов маусымдағы үшінші «Үлкен дулыға» турнирі – Уимблдонның негізгі кезеңіне өте алмады. Ал негізгі жарыста Қазақстан атынан Александр Бублик пен Александр Шевченко өнер көрсетеді.