Соболенко Пегуланы жеңіп, US Open турнирінде қатарынан төртінші рет финалға шықты

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Jimmie48

Фото: Jimmie48

Әлемнің екінші ракеткасы Арина Соболенко WTA рейтингінде үшінші орында тұрған Джессика Пегуланы жеңіп, US Open-2026 турнирінің финалына шықты.

Жартылай финалдық кездесу 1 сағат 20 минутқа созылып, беларусь теннисшісінің 7:5, 6:2 есебіндегі жеңісімен аяқталды.

Соболенко 7 эйс жасап, 3 рет қосарланған қателік жіберді және брейк-пойнтқа берілген 8 мүмкіндіктің үшеуін пайдаланды. Пегула 4 эйс орындап, қосарланған қателікке жол бермеді және брейк жасауға берілген жалғыз мүмкіндігін пайдалана алмады.

Теннисшілер өзара 14-рет кездесті. Енді Соболенко 10:4 есебімен алда келеді. Беларусь өкілі Пегуланы US Open турнирінде қатарынан үшінші жыл тоқтатты. 2024 жылы Соболенко америкалық теннисшіні финалда жеңсе, 2025 жылы жартылай финалда басым түсті.

Айта кетейік, бұл Соболенконың АҚШ ашық чемпионатының финалына қатарынан төртінші рет шығуы. Ол US Open турнирінде қатарынан үшінші рет чемпиондық атақты жеңіп алуға тырысады.

Шешуші матчта беларусь теннисшісі америкалық Кори Гауфф пен әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды. Қазақстандық теннисші турнир қорытындысы бойынша WTA рейтингінде бірінші орынға шығатынын бұған дейін қамтамасыз еткен.