Софья Самоделкина Мексикада өтетін мұз шоуына қатысады

Айбар Рысдаулет ··
Фото: International Skating Union

Фото: International Skating Union

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина 2026 жылдың жазында Мексикада өтетін «Passio Tour-2026» мұз шоуына қатысады.

2026 жылғы Милан Олимпиадасының қатысушысы шоуға арнайы шақырылған жұлдыз ретінде тіркелді. Іс-шара 4 шілде күні Сантьяго-де-Керетаро қаласында өтеді. Шоудың ұйымдастырушысы — танымал мексикалық мәнерлеп сырғанаушы әрі Олимпиада қатысушысы Донован Каррильо. Жарнамалық таныстырылымда Самоделкина техникасы, әртістік өнері мен харизмасы аса үйлесімді және әлемдегі үздік мәнерлеп сырғанаушылардың бірі ретінде сипатталған.

Софья Самоделкина — Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы. 2026 жылғы Миланда өткен ойындарда спортшы Қазақстан құрамасының әйелдер арасында Олимпиада тарихындағы ең үздік нәтижені көрсетіп, 10-орынға тұрақтады. Турнир қорытындысында мәнерлеп сырғанаушы қысқа және еркін бағдарлама нәтижесі бойынша 207,46 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартты.

«Passio Tour-2026» шоуына қатысу Самоделкина үшін Италиядағы Олимпиададан кейінгі алғашқы халықаралық мұз шоуларының бірі болмақ. Мексикадағы шоуда әлемге танымал мәнерлеп сырғанаушылар өнер көрсетеді. Іс-шара елдің басты жұлдыздарының бірі Донован Каррильоның қатысуымен өтеді.

Софья Самоделкина Мексикада өтетін мұз шоуына қатысады – sport-hub