Соня Жиенбаева Испаниядағы ITF W35 турнирінің финалында жеңіліп қалды

Aibar Rysdaulet··
Фото: КТФ

Фото: КТФ

Қазақстандық теннисші Соня Жиенбаева ресейлік Екатерина Яшинамен жұп құрып, Испанияның Виго қаласында өткен ITF W35 турнирінің жұптық разрядында финалға дейін жетті.

Шешуші кездесуде қазақстандық-ресейлік дуэт испаниялық Виктория Гомес пен нидерландылық Аранча Русқа қарсы ойнады. Бір сағат тоғыз минутқа созылған матчта қарсыластар 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Осылайша Жиенбаева мен Яшина турнирді екінші орынмен аяқтады.

Жиенбаева мен Яшина финалға дейін бірнеше тартысты кездесу өткізді. Әсіресе жартылай финалдағы матч ерекше қиын болды. Онда олар марокколық Ясмин Каббаж бен қытайлық Юфэй Ренге қарсы кездесуде алғашқы сетте жеңіліп қалғанына қарамастан, ойын тізгінін қолға алып, камбэк жасады.

Жартылай финал 3:6, 6:2, 17:15 есебімен аяқталды. Қазақстандық-ресейлік жұп шешуші чемпиондық тай-брейкте 17:15 есебімен басым түсіп, турнирдің финалына жолдама алды. Алайда шешуші кездесуде қарсыластарына төтеп бере алмай, жарысты күміс жүлдемен аяқтады.