«Спартак» Самородовпен келісімшарт жасасудан бас тартты

Фото: ФК Ахмат
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородовтың «Ахматтан» мәскеулік «Спартакқа» ауысуы жүзеге аспады. Клубтар трансфердің негізгі шарттарын келісіп қойғанымен, медициналық тексерістен кейін мәскеулік клуб ойыншыны алудан бас тартты.
«Чемпионаттың« мәліметінше, тараптар келісімді аяқтауға жақын болған, ал трансфер құны шамамен 650 миллион рубльді құрауы мүмкін еді. Алайда Самородовтың медициналық тексеріс нәтижелері «Спартак» өкілдерін қанағаттандырмаған. Осыдан кейін келіссөздер іс жүзінде тоқтаған.
Мәскеулік клубтың қазақстандық шабуылшыға қызығушылығы трансферлік терезе жабылғанға дейін пайда болған еді. «Спартак» Самородовты шабуыл шебін күшейтудің бір нұсқасы ретінде қарастырып, «Ахматпен» келісімнің қаржылық шарттарын да келістіріп қойған.
Самородов грозныйлық клуб сапында өнер көрсетуін жалғастырады. Оның қолданыстағы келісімшарты 2028 жылдың жазына дейін есептелген.
Қазақстандық футболшы осы маусымда барлық турнирде 8 матч өткізіп, 1 гол соқты. Transfermarkt мәліметінше, 24 жастағы шабуылшының нарықтағы құны 3 миллион еуроны құрайды.