Судзуки ПСЖ-ға ауыса алмай, мансабын Англияда жалғастырады

Aibar Rysdaulet··
Фото: Samurai Football

Фото: Samurai Football

Жапониялық футболшы Судзуки ПСЖ ойыншысы болмайды. Париждік клуб пен футболшы өкілдері арасындағы келіссөздер соңғы кезеңге дейін жеткенімен, тараптар трансфер бойынша ортақ келісімге келе алмады.

Бастапқыда Судзуки мансабын Францияда жалғастырады деп күтілген. Алайда келісім күтпеген жерден бұзылды. Инсайдер Фабрицио Романоның мәліметінше, бұған футболшы өкілдерінің қаржылық талаптары себеп болған. Судзукидің агенттері соңғы сәтте тым жоғары комиссия талап еткен. Осыдан кейін ПСЖ келіссөздерді жалғастырудан бас тартты.

Трансфердің жүзеге аспауы Судзукидің мансабына көп әсер еткен жоқ. Жапониялық футболшы Англия Премьер-лигасында өнер көрсетіп, «Астон Вилла» сапына қосылады. Бирмингемдік клуб «Пармамен» трансфер бойынша келісімге келді. Келісім құны 35 миллион еуроны құрайды.

Судзуки «Астон Вилламен» бес жылдық ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қояды деп күтілуде. Осылайша, ПСЖ-ға ауысу соңғы сәтте жүзеге аспағанымен, жапониялық футболшы мансабындағы жаңа кезеңді Англия чемпионатында бастайды.