Сұлтан Зәурбек IBF-тің міндетті үміткері атану үшін жекпе-жек өткізеді

Фото: Нургали Жумагазы
Қазақстандық боксшы Сұлтан Зәурбек (20-0, 13 КО) австралиялық Джексон Инглендпен (19-3, 10 КО) өтетін жекпе-жектің жаңа күнін білді. BoxRec.com мәліметінше, кездесу 26 қыркүйекте Аустралияның Квинсленд штатында өтеді.
Бұл жекпе-жекте кәсіпқой рекордқа кезекті жеңіс қана емес, маңызды мәртебе де сарапқа салынады. Жеңімпаз екінші жеңіл салмақтағы IBF әлем чемпионы атағына міндетті үміткер атанады.
Қазір бұл ұйымның чемпиондық белбеуі мексикалық Эмануэль Наварретеге тиесілі. Сондықтан Аустралиядағы жеңіс Зәурбекті әлемдік деңгейдегі алғашқы толыққанды титулдық жекпе-жекке бір қадам жақындатады.
Қазақстандық боксшы рингке мінсіз рекордпен шығады. Ол 20 жекпе-жектің барлығында жеңіске жетіп, оның 13-ін нокаутпен аяқтаған. Ал оның болашақ қарсыласы Джексон Ингленд кәсіпқой бокста 22 жекпе-жек өткізіп, 19 жеңіс пен үш жеңіліс тіркеген. Оның 10 жеңісі мерзімінен бұрын аяқталған.
Бастапқыда Зәурбек пен Ингленд арасындағы жекпе-жек 27 маусымда өтуі керек болған. Алайда кейін кездесу 17 шілдеге ауыстырылды. Күннің кезекті рет өзгеруінен кейін қазақстандық боксшы жекпе-жектің қандай жағдайда да өтетінін мәлімдеген еді. Енді жаңа дата 26 қыркүйек болып белгіленді.
Зәурбек соңғы рет 2025 жылдың сәуірінде Астанада рингке шықты. Сол кезде «Қазақ королі» оңтүстік африкалық Азинга Фузилемен толық жекпе-жек өткізіп, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.
Осылайша, қыркүйектегі кездесу Зәурбек үшін ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы жекпе-жек болмақ. Сонымен қатар бұл оның кәсіпқой мансабындағы ең маңызды айқастардың біріне айналады. Инглендті жеңсе, қазақстандық боксшы IBF чемпиондық белбеуіне тікелей жол ашады.