Басты бет
·
Бокс

Сұлтан Зәурбек жаңа жекпе-жекке дайындықты бастады

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Сұлтан Зәурбек (21-0, 13 KO) бір айлық үзілістен кейін келесі жекпе-жегіне дайындықты бастады.

Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында демалысын аяқтап, мансабындағы жаңа кезеңге дайындалып жатқанын хабарлады.

Зәурбектің айтуынша, оны алда жаңа міндеттер мен күрделі сынақтар күтіп тұр. Қазақстандық боксшы толыққанды оқу-жаттығу жиынын өткізіп, алдағы жекпе-жекке оңтайлы бабында баруды көздейді. Сондай-ақ ол болашақ қарсыласына сәттілік тіледі.

Зәурбек соңғы жекпе-жегін 26 қыркүйекте Аустралияда өткізді. Оның қарсыласы жергілікті боксшы Джексон Ингленд болды. 12 раундқа созылған кездесуде төрешілер бірауыздан жеңісті қазақстандыққа берді. Төртінші раундта Зәурбек қарсыласын нокдаунға түсірді.

Бұл жеңіс жеңіліс көрмеген қазақстандық боксшыға екінші жеңіл салмақтағы IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына міндетті үміткер атануға мүмкіндік берді. Енді ол әлем чемпионы белбеуі үшін жұдырықтасуы мүмкін.

Қазіргі уақытта осы салмақта IBF және WBO тұжырымдарының чемпиондық белбеулері мексикалық Эмануэль Наварретеге (40-2-1, 33 KO) тиесілі. Ол IBF белбеуін 28 ақпанда отандасы Эдуардо Нуньесті 11-раундта техникалық нокаутпен жеңу арқылы иеленген.