Басты бет
·
Тарихи дата

Сұлтан Заурбектің Англиядағы жеңісі мен Мессидің тарихи рекорды: 11 қараша – спорт тарихында

Ульяна Калиаскар··
ЖИ

ЖИ

11 қараша спорт тарихында қазақстандық боксшы Сұлтан Заурбектің Англиядағы жеңісімен, Лионель Мессидің тарихи рекордымен және UFC жұлдызы Алекс Перейраның жарқын нокаутымен есте қалды.

Қазақстан спорты

2011 жыл. Светлана Подобедова әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды

Қазақстандық ауыр атлет Светлана Подобедова Парижде өткен әлем чемпионатында 75 келі салмақ дәрежесінде күміс медаль жеңіп алды. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 287 келіні көтерді. Алтын медальді ресейлік Надежда Евстюхина (293 келі), ал қоланы Солтүстік Корея өкілі Ким Ун Джу (265 келі) иеленді.

2023 жыл. Сұлтан Заурбек Англияда чемпиондық белбеуді жеңіп алды

10 қарашадан 11 қарашаға қараған түні Англияның Брайтон қаласында қазақстандық кәсіпқой боксшы Сұлтан Заурбек аргентиналық Серхио Мартин Созаны алтыншы раундта техникалық нокаутпен жеңді.

Осылайша, «Қазақ королі» лақап атымен танымал боксшы екінші жеңіл салмақта WBO Global чемпиондық белбеуін иеленді.

Әлем спорты

1987 жыл. Англия құрамасы Югославияны ойсырата жеңді

1988 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Англия құрамасы Югославияны 4:1 есебімен жеңді. Белградтағы «Црвена звезда» стадионында өткен кездесуде ағылшындар сапынан Питер Бирдсли, Джон Барнс, Брайан Робсон және Тони Адамс гол соқты. Алаң иелерінің жалғыз голын Сречко Катанец енгізді.

2000 жыл. Леннокс Льюис чемпиондық атақтарын қорғады

Лас-Вегаста өткен кәсіпқой бокс кешінде Леннокс Льюис жаңазеландиялық Дэвид Туаны төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді.

12 раундқа созылған жекпе-жектің нәтижесінде Льюис ауыр салмақтағы WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атақтарын сақтап қалды.

2002 жыл. Серена Уильямс WTA қорытынды турнирінің финалында жеңілді

Бельгиялық Ким Клийстерс Лос-Анджелесте өткен WTA қорытынды турнирінің финалында америкалық Серена Уильямсты 7:5, 6:3 есебімен жеңіп, чемпион атанды.

Клийстерс кейін бұл турнирді тағы екі рет – 2003 және 2010 жылдары жеңіп алды.

2012 жыл. Лионель Месси Пеленің рекордын жаңартты

«Барселона» шабуылшысы Лионель Месси Испания чемпионатының 11-турында «Мальоркаға» қарсы кездесуде дубль авторы атанды.

Каталониялық клуб сырт алаңда 4:2 есебімен жеңіске жетті. Ал аргентиналық футболшы 2012 жылғы голдарының санын 76-ға жеткізіп, Пеленің 1958 жылы бір күнтізбелік жылда соққан 75 голдық көрсеткішінен асып түсті.

2018 жыл. Льюис Хэмилтон Бразилия Гран-приінде жеңіске жетті

«Мерседес» командасының пилоты Льюис Хэмилтон Сан-Паулудағы «Интерлагос» трассасында өткен Формула-1 жарысында топ жарды.

Екінші орынды Макс Ферстаппен, үшінші орынды Кими Райкконен иеленді. Осы жеңістің арқасында «Мерседес» Конструкторлар кубогын мерзімінен бұрын жеңіп алды.

2023 жыл. Алекс Перейра UFC чемпионы атанды

Нью-Йоркте өткен UFC 295 турнирінің басты жекпе-жегінде бразилиялық Алекс Перейра чехиялық Иржи Прохазканы екінші раундта нокаутқа түсірді.

Осы жеңісінің арқасында Перейра жартылай ауыр салмақта UFC чемпионы атанды.

11 қарашадағы өзге тарихи оқиғалар

1843 жыл – Данияда Ханс Кристиан Андерсеннің «Ұсқынсыз үйрек» ертегісі алғаш рет жарық көрді.

1936 жыл – Англияда әлемде алғаш рет теледидар арқылы ауа райы болжамы көрсетілді.

Сондай-ақ 11 қарашада Дүниежүзілік шопинг күні атап өтіледі.

Бұл күні дүниеге келген спортшылар

1926 жыл – Мария-Тереза де Филиппис, италиялық автожарысшы, Формула-1 тарихындағы алғашқы әйел пилот.

1939 жыл – Клавдия Боярских, кеңестік шаңғышы, 1964 жылғы Инсбрук Олимпиадасының үш дүркін чемпионы.