Талғат Байсуфинов Армения және Венгриямен өтетін матчтарға дайындығы туралы айтты

Бегасыл Амирбай ··
Фото: ҚФФ

Фото: ҚФФ

Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов Армения және Венгрияға қарсы жолдастық матчтарды маусымның күзгі кезеңіне дайын болу үшін маңызды саты деп атады.

Ұлттық құрама маусым айындағы кездесулер қарсаңында Шымкентте оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

«Маусым айында Армения және Венгрия құрамаларына қарсы өтетін екі жолдастық матч біз үшін күзгі ойындар алдындағы басты дайындық кезеңі болмақ. Біріншіден, Армениямен де, Венгриямен де табиғи алаңда ойнаймыз. Екіншіден, Шымкентте барлық жағдай жасалған, мұндағы атмосфера өте керемет. Біз жаттығып жатқан алаңның жағдайы өте жақсы. Осы ретте стадион қызметкерлеріне атқарған жұмыстары үшін алғыс айтқым келеді.

Жас ойыншылар өздерін жақсы қырынан көрсетіп жүр, ал ұлттық құрамадағы бәсекелестік артып келеді. Сапалы ойын өрнегін көрсеткен жас футболшылар ұлттық құрамаға шақырту алды. Алдағы екі жолдастық кездесуде оларға ойын уақыты беріледі. Бірақ ең бастысы – олар ұлттық құраманың атмосферасын сезінуі керек.

Күзге қарай негізгі құрамдағы орын үшін талас одан әрі күшейеді, мұны өздеріңіз де көріп отырсыздар. Егер футболшылар чемпионаттың екінші айналымында да осындай деңгейде өнер көрсетсе, онда күзде ұлттық құрамаға дәл қазіргі сәттегі ең мықты ойыншылар шақырылады», – деді Талғат Байсуфинов.

Қазақстан құрамасы 6 маусым күні Ереванда Армениямен ойнайды. Ал, 9 маусымда Дебреценде Венгрия құрамасымен кездеседі.

Талғат Байсуфинов Армения және Венгриямен өтетін матчтарға дайындығы туралы айтты – sport-hub