Таунсенд пен Синякова WTA қорытынды турнирінің финалына шықты

Фото: WTA
Америкалық Тэйлор Таунсенд пен чехиялық Катержина Синякова АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан WTA қорытынды турнирінің жұптық сынында финалға жолдама алды.
Жартылай финалда екінші нөмірмен тіркелген америкалық-чехиялық жұп турнирдің басты фавориттері саналатын канадалық Габриэла Дабровски мен бразилиялық Луиза Стефаниді 7:6 (7:4), 6:3 есебімен жеңді.
Айта кетейік, Дабровски мен Стефани үшін бұл жарыстағы алғашқы жеңіліс болды. Олар топтық кезеңдегі үш кездесудің барлығында жеңіске жеткен еді.
Бірінші сетте қарсыластар бір-бірінің геймдерін ала алмады. Нәтижесінде партия тағдыры тай-брейкте шешіліп, Таунсенд пен Синякова басым түсті. Ал екінші сетте америкалық-чехиялық жұп бір брейк жасап, кездесуді жеңіспен аяқтады.
Матч барысында жеңімпаздар бір эйс жасап, бірде-бір қос қателік жіберген жоқ. Ал Дабровски мен Стефани екі эйс орындағанымен, бес рет қос қателікке жол берді және бірде-бір брейк-пойнтты пайдалана алмады.
Таунсенд пен Синякова WTA қорытынды турнирінің финалында екінші рет бірге өнер көрсетпек. 2024 жылы олар шешуші кездесуде Дабровски мен жаңазеландиялық Эрин Рутлиффке есе жіберген. Ал өткен маусымда жартылай финалға дейін жеткен болатын.
Биылғы турнирдің топтық кезеңінде америкалық-чехиялық жұп екі жеңіске жетіп, бір рет жеңіліп, өз тобында екінші орын алды.
Енді чемпиондық атақ үшін өтетін кездесуде Таунсенд пен Синякова италиялық Сара Эррани және Жасмин Паолинимен кездеседі.