Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының символикалық құрамасына енді

Темирлан Мажекенов ··
Фото: ҚФФ ресми сайты

Фото: ҚФФ ресми сайты

Алматылық «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбеков Flashscore статистикалық порталының нұсқасы бойынша 2025/26 жылғы Чемпиондар лигасының үздік ойыншылары қатарына енді.

Қазақстандық голкипер 7,7 балл алып, турнирдің символикалық құрамасынан орын алды.

Осылайша Анарбеков маусымның үздік футболшыларынан жасақталған құрамға енген жалғыз қазақстандық атанды.

Символикалық құрамға сондай-ақ Алессандро Бастони, Вирджил ван Дейк, Родиней, Рубен Диаш, Витинья, Майкл Олисе, Ламин Ямаль, Килиан Мбаппе, Харри Кейн және Хвича Кварацхелия енді.

Осы маусымдағы Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде Анарбеков алты матчқа қатысып, алаңда барлығы 540 минут ойын өткізді. Осы уақыт аралығында ол 13 гол өткізіп алса, бір кездесуде қақпасын құрғақ сақтады.

Қақпашының жеке жетістігіне қарамастан, «Қайрат» жарыстың келесі кезеңіне өте алмай, негізгі кезеңді турнир кестесінің соңғы орнында аяқтады.

Айта кетейік, Алматылық команданың қақпасын турнирдегі алғашқы екі матчта Шерхан Қалмырза күзетті. Шерхан Лиссабонның «Спортингінен» төрт, ал мадридтік «Реалдан» бес гол жіберіп, жалпы тоғыз мәрте қақпасына доп енген еді.