Теренс Кроуфордтан жеңілген Сауль «Канело» Альварестің жаңа қарсыласы белгілі болды

bbc.com
Осы күзде мексикалық қайтадан рингке оралып, камерундық текті жеңіліп көрмеген француз Кристиан Мбиллиге қарсы титулдық жекпе-жек өткізеді.
Riyadh Season ақпараты бойынша, жекпе-жек қыркүйек айында Эр-Риядта өтеді. Кездесудің бас бәйгесі ретінде екінші орта салмақтағы WBC чемпиондық белбеуі сарапқа салынады.
Канело үшін бұл жекпе-жек Теренс Кроуфордқа қарсы ауыр жеңілістен кейін алғашқы айқас болмақ. Еске салайық, 14 қыркүйекте Лас-Вегаста өткен жекпе-жек кешінде мексикалық боксшы төрешілердің біріңғай шешімімен есе жіберіп, екінші орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы атағынан айырылған еді. Ол кезде WBC, WBA, WBO, IBF және The Ring титулдары бәске тігілген еді.
Кристиан Мбилли мансабындағы басты жекпе-жекке жеңіліссіз рекордпен шыққалы тұр. Француз боксшысының еншісінде 30 жеңіс бар, оның 24-де — нокаут тіркеген.
Ал Канелоның өзінде 63 жеңіс, үш жеңіліс және екі тең нәтиже бар. Мексикалық 39 жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтаған.
Қазақстандық жанкүйерлерге Альварес - Геннадий Головкинге қарсы аңызға айналған трилогия арқылы етене таныс. Алғашқы жекпе-жек даулы тең нәтижемен аяқталса, кейінгі екі кездесуде төрешілер жеңісті мексикалыққа берген еді.