Тимофей Скатов «Уимблдон-2026» турнирінің іріктеу кезеңінің екінші айналымына шықты

Әлемнің 178-ракеткасы, қазақстандық теннисші Тимофей Скатов «Уимблдон» турнирінің іріктеу кезеңінің екінші айналымына сенімді түрде жолдама алды.
Бірінші айналымда 25 жастағы қазақстандық спортшы әлемнің 247-ракеткасы, аргентиналық Алекс Барренаны 6:3, 7:6 есебімен жеңді.
Кездесу 1 сағат 47 минутқа созылды.
Іріктеу кезеңінің келесі айналымында Скатов швециялық Элиас Имер мен грузиялық Николоз Басилашвили арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.
Айта кетейік, Уимблдон-2026 турнирінің жүлде қоры 2026 жылы рекордтық көрсеткішке жетіп, £64,2 млн (€74,35 млн) болады.
Ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сында чемпион атанған теннисшілер £3,6 млн (20%-ға өсім), ал финалистер £1,8 млн (18%-ға өсім) сыйақы алады.
Турнир 29 маусым мен 12 шілде аралығында Лондон қаласындағы шөп төселген корттарда өтеді.
Өткен жылы ерлер арасында чемпион атанған Янник Синнер болса, әйелдер арасында жеңіс тұғырына Ига Швёнтек көтерілген еді.