«Тобыл» «Паневежиспен» матч алдында мақсаттарын ашық айтты

Бегасыл Амирбай ··
«Тобыл» ФК

«Тобыл» ФК

23 шілдеде «Тобыл» УЕФА Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчында сырт алаңда литвалық «Паневежиспен» кездеседі.

Бас бапкердің көмекшісі Гинтарас Стауче алдағы ойынға қатысты ойымен бөлісіп, Литваға сапар кезіндегі қиындықтарды да атап өтті.

«Ертең бізді қызықты әрі тартысты матч күтіп тұр. Бұл жерге жету оңай болған жоқ, жол да, логистика да күрделі болды. Бірақ бұл біз үшін сылтау болмауы тиіс. Команда ойынға толық дайын және бар назарын осы кездесуге аударып отыр.

Біз қарсыласқа құрметпен қараймыз, бірақ мұнда бір мақсатпен келдік. Жеңіске жетіп, УЕФА Конференциялар лигасының келесі кезеңіне өту. Команда бұл матчқа жақсы дайындалды және жауапкершілікті толық түсінеді. Біз бірінші минуттан соңғы минутқа дейін күресеміз, өзіміздің ең үздік ойынымызды көрсетуге тырысамыз», – деп келтіреді Стаученің сөзін «Тобылдың» баспасөз қызметі.

«Паневежис» – «Тобыл» кездесуі 23 шілдеде «Аукштайтия» стадионында өтеді. Ойын Қазақстан уақытымен 20:30-да басталады. Жауапты матч 30 шілдеде Қостанайда өтеді.