Тодд Боэли «Челсидегі» төрағалық қызметінен кетті

Бекарыс Әлімхан··
«Челси» ФК

«Челси» ФК

Америкалық кәсіпкер Тодд Боэли «Челси» клубындағы өз үлесін сатып, директорлар кеңесінің төрағасы қызметінен кетті.

Clearlake Capital компаниясы сондай-ақ Марк Уолтердің үлесін сатып алып, «Челси» клубына толық бақылау орнататын болды. Ал Хансйорг Висс клубтың акционері әрі қазіргі қожайындардың серіктесі болып қала береді.

Клубтың ресми мәлімдемесінде күнделікті жұмыс процесі мен команданың даму стратегиясы өзгермейтіні айтылған.

Қызметінен кетуіне байланысты Боэли клуб қызметкерлері мен жанкүйерлеріне алғысын білдірді.

«Мен үшін «Челси» футбол клубының төрағасы болу үлкен мәртебе еді. Clearlake және басқа да қожайындармен серіктестік орнатып, клубтың қазіргі және ұзақ мерзімді жетістігі үшін қабылданған ортақ шешімдер мен жасалған инвестицияларды жоғары бағаладым. Clearlake басшылығымен «Челси» алдағы жетістіктерге жақсы дайындалғанына сенімдімін», — деді кәсіпкер.

Бұл келісімге дейін Clearlake Capital клубтың 61,5 пайыздық үлесіне иелік еткен. Ал Тодд Боэли мен Марк Уолтердің әрқайсысында 12,8 пайыздан үлес болды. Олар 2022 жылы Роман Абрамовичтен «Челсиді» сатып алған консорциум құрамында болған.

Айта кетейік, Ағылшын Премьер-лигасының алғашқы төрт турында «Челси» жеті ұпай жинап, турнир кестесінде алтыншы орында келеді.

Лондондық клуб келесі кездесуін 19 қыркүйекте сырт алаңда «Брентфордқа» қарсы өткізеді.