Басты бет
·
Басқа спорт түрлері

Тоқаев 2028 жылғы Олимпиада алдында қазақстандық спортқа маңызды міндет қойды

Аружан Талғат··
Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық спорттың алдағы жылдардағы басты мақсатын атады. Мемлекет басшысы 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарына жоғары деңгейде дайындалу қажеттігін айтты.

Президент бұл туралы Азия ойындары мен Пара Азия ойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық жарыстарда ел намысын қорғаған спортшыларға алғыс айтып, әрбір медальдің Қазақстан үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

«Еліміз үшін әрбір медальдің орны ерекше. Осында отырған барлық спортшыға ризашылығымды білдіремін. Чемпион атану – үлкен жауапкершілік. Жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген әр спортшының жолы кәсіби спортты таңдаған жастарға үлгі болады.

Жас ұрпақ сіздерге қарап бой түзейді. Спорт – қоғамның санасына әсер етіп, адамның зияткерлік және физикалық қасиеттерін қалыптастыратын қуатты күш. Спорт жастарды тәртіпке, адалдыққа және жауапкершілікке тәрбиелейді. Жастарымыз белсенді, мақсатшыл, ал халқымыз рухы мықты болса, мемлекетіміз де қуатты болады», – деді Президент.

Мемлекет басшысы қазақстандық спортшылардың құрлықтық жарыстардағы жетістіктерімен шектелмеуі керегін де айтты.

«Бүгінде Қазақстан спортының беделі жоғары, әлеуеті зор. Сондықтан біз бұдан да биік нәтижелерге ұмтылуымыз керек.

Алдымызда төрт жылдықтың басты спорттық додасы – Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындары тұр. Бұл ауқымды жарысқа дайындықты қазірден бастап ең жоғары деңгейде жүргізу қажет. Оған спортшылар ғана емес, тиісті министрлік пен спорт федерациялары да белсенді атсалысуы тиіс», – деді Тоқаев.

2028 жылғы Олимпиада қашан өтеді?

2028 жылғы жазғы Олимпиада ойындары АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында 14–30 шілде аралығында өтеді. Ашылу салтанаты 14 шілдеге жоспарланған. Ал кейбір спорт түрлері бойынша жарыстар ресми ашылу рәсіміне дейін басталады.

Лос-Анджелес жазғы Олимпиаданы тарихында үшінші рет қабылдайды. Бұған дейін қала 1932 және 1984 жылдары Олимпиада ойындарын ұйымдастырған.

Ал Паралимпиада ойындары 15–27 тамыз аралығында өтеді.

Қазақстан құрамасы үшін алдағы Олимпиада Париждегі нәтижені жақсартуға мүмкіндік болмақ. Еске салайық, 2024 жылғы Олимпиадада отандастарымыз жеті медаль жеңіп алған еді. Оның біреуі алтын, үшеуі күміс және үшеуі қола болды.

Сондықтан Президент спорт саласына жауапты министрлік пен федерацияларды АҚШ-та өтетін Олимпиадаға дайындықты қазірден күшейтуге шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындары мен V Пара Азия ойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттаған болатын.