Царукян Hype чемпиондық белбеуі үшін үнділік фитнес-жұлдызбен айқасады

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

UFC ұйымының жеңіл салмақтағы жетекші файтерлерінің бірі Арман Царукян 1 тамыз күні Еревандағы «Ташир Аренада» өтетін Hype Armenia турнирінің басты жекпе-жегіне қатысады.

Оның қарсыласы үндістандық танымал блогер әрі бұрынғы балуан Анкит Байянпурия болмақ.

Жекпе-жек грэпплинг ережесі бойынша Submission Only форматында өтеді. Бұл форматта жеңіс тек мерзімінен бұрын ауырту немесе тұншықтыру әдісі арқылы ғана тіркеледі. Айқаста Hype чемпиондық белбеуі сарапқа салынады. Бұл титул Царукянға Hype Brazil турниріндегі жеңісінен кейін тиесілі. Ол кезде ол Мұхаммад Мокаевты тұншықтыру әдісімен жеңіп, белбеуді иеленген.

Арманның соңғы жекпе-жегі RAF 11 турнирінде өтті. Онда ол Колби Ковингтонға 3:5 есебімен жол берді. Бұл жеңіліс оның RAF лигасындағы алғашқысы болды. Бұған дейін Царукян қатарынан алты жеңіске жетіп, промоушенде жеңіліс көрмеген еді.

Айта кетейік, Анкит Байянпурия тек спорттағы өткен жолымен ғана емес, интернеттегі танымалдылығымен де белгілі. Үндістандық блогер жаттығу мен салауатты өмір салтына арналған контент арқылы әлеуметтік желілерде миллиондаған аудитория жинаған. Бұған дейін ол дәстүрлі үнді күресімен айналысып, курьер болып жұмыс істеген. Алайда иығынан алған ауыр жарақат оның кәсіби спорттағы мансабын тоқтатуға мәжбүрлеп, кейін контент жасауға бет бұрған.