UFC 328 турниріндегі Чимаев пен Стриклендтің гонорарлары белгілі болды

Темирлан Мажекенов ··
UFC

UFC

АҚШ-тың Ньюарк қаласындағы UFC 328 турниріне қатысқан файтерлердің гонорар көлемі жарияланды.

GiveMeSport мәліметінше, орта салмақтағы UFC ұйымының бұрынғы чемпионы Хамзат Чимаев 3,09 миллион доллар табысқа кенелді. Бұл сома жаңа чемпион Шон Стриклендтің гонорарынан шамамен үш есе көп. Америкалық файтер 1,08 миллион доллар алған.

Кештің ко-мэйн ивент жекпе-жегінде аса жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуін қорғаған Джошуа Ван 742 мың доллар иеленсе, оның қарсыласы Тацуро Таира 532 мың доллар тапқан.

Екі файтер де «Кеш жекпе-жегі» үшін бонус ретінде қосымша 100 мың доллардан алды.

Турнирдегі ең аз гонорар Осман Диас пен Джорден Сантосқа тиесілі болды — әрқайсысы 20 мың долларды қанжығаға басты.

Еске салайық, БАӘ туы астында өнер көрсететін ресейлік файтер Хамзат Чимаев UFC 328 турнирінің басты жекпе-жегінде Шон Стриклендтен күтпеген жерден жеңіліп қалған еді.

Чимаев кәсіби мансабында алғаш рет жеңіліс тауып, орта салмақтағы чемпиондық белбеуін алғашқы мүмкіндіктен қорғай алмады.

Ал UFC-дің жаңа чемпионы Шон Стрикленд атанды.