UFC-дің бұрынғы жауынгері RAF лигасында дебюттік жекпе-жегін өткізеді

Фото: instagram.com/zabit_magomedsharipov
UFC-дің бұрынғы жауынгері Забит Магомедшарипов Real American Freestyle (RAF) лигасында дебюттік жекпе-жегін өткізеді. Турнир 14 қарашада Абу-Дабиде өтеді.
35 жастағы ресейлік спортшының қарсыласы – UFC-дің қазіргі жауынгері, Грузия өкілі Гига Чикадзе. Ол жартылай жеңіл салмақта өнер көрсетеді. Турнир «Этихад-Аренада» ұйымдастырылады.
Бұл жекпе-жек Магомедшариповтың ұзақ үзілістен кейін жарыстарға оралу жолындағы кезекті қадамы болмақ. Еске салайық, тамыз айында ол Ыстамбұлда (Түркия) өткен ACBJJ 22 турниріне қатысып, джиу-джитсу ережесі бойынша марокколық Юссеф Залалды жеңді.
Ал UFC-дегі соңғы жекпе-жегін ресейлік спортшы 2019 жылдың қарашасында өткізіп, Кэлвин Каттарды төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген.