Уимблдон-2026 мәреге жақындады: барлық жартылай финалист анықталды

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Уимблдон-2026 турнирінде ерлер арасындағы жекелей сында ширек финал кезеңі аяқталды. Ойын күнінің қорытындысы бойынша бас жүлде үшін күресті жалғастыратын төрт теннисшінің есімі белгілі болды.

Жартылай финалдың бірінде әлемдік рейтинг көшбасшысы әрі турнирдің қазіргі чемпионы, италиялық Янник Синнер сербиялық жетінші нөмірлі Новак Джоковичпен кездеседі. Ал финал жолдамасы сарапқа салынатын екінші матчта ұйымдастырушылардан wild card алған британиялық Артур Фери екінші нөмірмен тіркелген германиялық Александр Зверевке қарсы ойнайды.

Жартылай финалға шығар жолда Синнер германиялық Ян-Леннард Штруффтан үш сетте басым түсті – 7:5, 7:6 (7:4), 6:3. Джокович бес сетке созылған тартысты кездесуде канадалық Феликс Оже-Альяссимді жеңді – 7:6 (12:10), 3:6, 6:3, 6:7 (4:7), 7:6 (10:4).

Артур Фери италиялық Флавио Коболлиден 6:4, 7:6 (7:4), 6:0 есебімен айқын басым түссе, Александр Зверев америкалық Тейлор Фрицке мүмкіндік қалдырмады – 6:4, 6:4, 6:2.

Еске салайық, турнир Лондонда 29 маусым мен 12 шілде аралығында өтіп жатыр. Уимблдонның қазіргі чемпионы – Янник Синнер. Ол былтыр финалда испаниялық Карлос Алькарастан 4:6, 6:4, 6:4, 6:4 есебімен басым түскен болатын.

Уимблдон-2026 мәреге жақындады: барлық жартылай финалист анықталды – sport-hub