Уразбахтин «Андерлехт» туралы: «Өте алмайтындай команда емес»

«Қайрат» ФК
«Қайрат» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин УЕФА Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде қарсылас атанған бельгиялық «Андерлехтке» баға берді.
«Андерлехт» бұған дейін үшінші іріктеу кезеңінде грек клубы ПАОК-ты екі кездесудің қорытындысы бойынша 3:2 есебімен жеңіп, «Қайратқа» қарсы ойнау құқығына ие болды.
Уразбахтиннің айтуынша, бельгиялық клубтың құрамында тәжірибелі әрі жас футболшылар бар, ал командаға қарсы тұруға болады.
«Иә, біз қарадық, зерттедік. Жақсы, танымал команда. Бельгияның титулды клубы. Көп ойыншысы жас, тәжірибелі футболшылары да бар. Бапкері де танымал. Бастапқыда ПАОК өтеді деп ойладым. Бірақ пенальти орындалмады, жылдам гол соғылды. Жалпы алғанда «Андерлехт» жақсы команда, сапалы ойыншылары бар. Меніңше, бұл өте алмайтындай команда емес. Біз барымызды саламыз», — деді Рафаэль Уразбахтин.
Айта кетейік, «Қайрат» Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі алғашқы кездесуін 20 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда өткізеді. Қарымта ойын 27 тамызда Брюссельде өтеді.