Владимир Слишкович «Жеңістің» жаңа бас бапкері атанды

Фото: jenisfk.kz
Али Алиев кеткеннен кейін елордалық «Жеңіс» жаңа бас бапкерін анықтады. Команданы 43 жастағы босниялық маман Владимир Слишкович тізгіндеді.
Жаңа бапкер клубпен келісімшартқа қол қойып, қызметіне кірісіп кетті. Оның бапкерлер штабына дене дайындығы жөніндегі маман Младен Чучкович, қақпашылар бапкері Олег Воскобойников және ассистент Антон Чичулин қосылды.
Клуб мәліметінше, бірнеше шетелдік үміткер қарастырылған, алайда Слишкович өз жұмыс тәсілімен басшылықты сендіре алған. «Жеңістің» ақпаратына сәйкес, босниялық маман екінші кездесудің өзінде-ақ командадағы жағдайды жан-жақты зерттеп, негізгі мәселелерді анықтап, оларды шешу жоспарын ұсынған. Сондай-ақ клуб оның жағдайды тез саралап, нақты шешімдер ұсына алатын қабілетін атап өтті.
Слишкович бұған дейін Мәскеудің «Спартак» және «Оренбург» клубтарында жұмыс істеген, дербес бапкерлік мансабын босниялық «Зриньскиде» бастаған. Сонымен қатар Қытайда, Сауд Арабиясында және Босния және Герцеговина жасөспірімдер құрамасында тәжірибесі бар.
Али Алиев қызметінен кеткеннен кейін «Жеңіс» Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде сегізінші орында тұр. Елордалық клуб маусымның 20 матчында 23 ұпай жинаған. Сонымен қатар команданы алда Қазақстан Кубогының жартылай финалындағы «Қайсарға» қарсы қарымта матч күтіп тұр. Алғашқы кездесуде астаналық ұжым 1:3 есебімен жеңілген болатын, сондықтан жаңа бапкерге жағдайды өзгертіп, финал жолдамасы үшін күресу міндеті тұр.