Басты бет
·
Хоккей

Всеволод Логвин «Барыс» – «Адмирал» матчының үздік ойыншысы атанды

Бекарыс Әлімхан··
«Барыс» ХК

«Барыс» ХК

Астаналық «Барыстың» қазақстандық шабуылшысы Всеволод Логвин Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) «Адмиралға» қарсы өткен матчтың бірінші жұлдызы атанды.

12 қарашада «Барыс Аренада» өткен кездесуде елордалық клуб Владивосток командасын 4:2 есебімен жеңді. Бұл ойында Логвин екі шайба соғып, командасының жеңісіне елеулі үлес қосты.

54-минутта қазақстандық шабуылшы Логан Дэйдің соққысынан кейін шайбаның бағытын өзгертіп, «Барысты» алға шығарды. Ал матчтың аяқталуына 52 секунд қалғанда қарсыластың бос қақпасын дәл көздеп, дубль авторы атанды.

Логвин кездесу барысында қарсылас қақпасына үш рет соққы бағыттап, оның екеуін голға айналдырды. Соққыларының дәлдігі 66,7 пайызды құрады. Ол мұз айдынында 17 минут 26 секунд өткізіп, ойынды «+1» пайдалылық көрсеткішімен аяқтады.

Матч қорытындысы бойынша ҚХЛ Логвинді кездесудің бірінші жұлдызы деп таныды. Екінші жұлдыз атағы «Адмирал» шабуылшысы Даниэль Усмановқа бұйырса, үшінші жұлдыз болып есепті теңестірген «Барыс» хоккейшісі Аркадий Шестаков танылды.

Осы жеңістің арқасында Михаил Кравец шәкірттері қатарынан үш жеңілістен тұратын сериясын тоқтатты. 25 матчтан кейін 27 ұпай жинаған «Барыс» Шығыс конференциясында бесінші орында тұр.

Елордалық клуб келесі кездесуін 15 қарашада өз алаңында Магнитогорскінің «Металлург» командасына қарсы өткізеді. Матч Қазақстан уақытымен сағат 17:00-де басталады.