WBC чемпионы әнібек Әлімханұлын жекпе-жекке шақырды

Фото: Getty Images
Жәнібек Әлімханұлының келесі жекпе-жегіне тағы бір танымал қарсылас үміткер болуы мүмкін. Орта салмақтағы WBC чемпионы Карлос Адамес әлеуметтік желідегі X парақшасында қазақстандық боксшыға тікелей үн қатып, шаршы алаңда кездесуді ұсынды.
Доминикандық боксшы Әлімханұлының аккаунтын белгілеп, былай деп жазды:
«Жәнібек, енді бәрі таза ма? Қазір жекпе-жек өткізгің келе ме? Дайынсың ба? Онда осыны жасайық».
Адаместің «таза» деген сөзі қазақстандық боксшының допингке қатысты жағдайына байланысты айтылған. Бұған дейін Жәнібек мельдонийге тапсырған допинг-сынамасы оң нәтиже көрсеткеннен кейін уақытша шеттетілген еді. Алайда кейін қажетті шарттарды орындаған соң WBO дисквалификация мерзімін мерзімінен бұрын тоқтатты.
Әлімханұлы рингке оралғаннан кейін мансабын екінші орта салмақта жалғастыруды шешті. Тамыз айында WBO оны Хамза Шираз иеленген чемпиондық титулдың міндетті үміткері деп таныды.
Боксшылардың командалары жекпе-жек шарттарын келістіре алмады. Осыдан кейін іс промоутерлік саудаға жетті. Queensberry Promotions 1 001 809 доллар ұсынса, Top Rank компаниясының ұсынысы 820 мың доллар болды.
Алайда саудадан кейін Шираз міндетті жекпе-жек өткізуден бас тартып, чемпиондық белбеуінен айырылды. Нәтижесінде екінші орта салмақтағы WBO титулы бос қалды, ал Әлімханұлы оған таласу құқығын сақтап қалды.
Адамес болса, орта салмақтағы WBC чемпионы атанып отыр. 32 жастағы доминикандық кәсіпқой рингте 27 жекпе-жек өткізіп, 25 жеңіске жеткен. Оның 18 жеңісі нокаутпен аяқталған. Сондай-ақ бір жеңілісі және бір тең нәтижесі бар.