XDS Astana Team италиялық велошабандозбен келісімшарт жасасты

Фото: xds_astana
Италиялық велошабандоз Андреа Баджоли 2027 жылғы маусым басталар алдында XDS Astana Team сапына қосылады.
Келісімшарт екі жылға есептелген. Баджоли қазақстандық командаға Lidl-Trek клубынан ауысады. 27 жастағы спортшымен жасалған келісім 2028 жылдың соңына дейін күшінде болады.
«XDS Astana Team-нің маған қызығушылық танытқанын білген сәтте және ұсыныс алған кезде бұл мен үшін дұрыс таңдау болатынын бірден түсіндім. Бұл – мен әрдайым қызығушылықпен бақылап жүрген жоба. Енді оның бір бөлігі болу мүмкіндігі мені шабыттандырады. Болашақ командаластарымның көбін жақсы танимын және олардан бұл команда туралы үнемі жақсы пікірлер еститінмін. Ұжымға тез бейімделіп, осы екі маусымда өзімді көрсете аламын деп ойлаймын. Мен үшін басты мақсат – кез келген мүмкіндікте жеңіс үшін күресу. Сонымен қатар командаға маңызды мақсаттарға жетуге көмектескім келеді», – деді Баджоли.
XDS Astana Team бас менеджері Александр Винокуров италиялық спортшының біркүндік жарыстар мен Гранд-турлардағы тәжірибесін атап өтті.
«Андреа кәсіби мансабын ерте бастап, өзін тез танытып, бірқатар тамаша нәтижелерге қол жеткізді. Біз бұл велошабандозды көптен бері бақылап келдік. Енді оны өз жобамызға шақыруға мүмкіндік туды. Меніңше, XDS Astana Team сапында Баджоли өзінің мүмкіндігін толық аша алады. Командамыз біркүндік жарыстарда жақсы өнер көрсетіп жүр, бұл біз үшін басым бағыттардың бірі. Андреа Баджоли секілді спортшының қосылуы нәтижелерімізді одан әрі жақсартуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, оның Гранд-турларға қатысуда мол тәжірибесі бар. Ал бұл біз үшін әрдайым маңызды фактор», – деді Винокуров.
Баджоли кәсіби мансабында сегіз жеңіске жеткен. 2023 жылы ол «Гран Пьемонте» жарысында жеңіске жетіп, «Тур Ломбардия» классикасында екінші орын алды. Сондай-ақ италиялық спортшы «Каталония туры», «Валлония туры» және «Словакия туры» жарыстарының жекелеген кезеңдерінде топ жарған.
2026 жылғы маусымда Баджоли «Австрия турының» төртінші кезеңінде жеңіске жетті. Сонымен қатар «Швейцария турының» алғашқы кезеңін үшінші болып аяқтап, «Мигель Индурайн Гран-приінде» бесінші орын иеленді.