Басты бет
·
Футбол

Ямальдың дублі Испанияға Хорватияны ірі есеппен жеңуге көмектесті

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Испания құрамасы 2026/27 жылғы Ұлттар лигасындағы жеңісті сериясын жалғастырды. Екінші турда Луис де ла Фуэнте шәкірттері өз алаңында Хорватияны 4:1 есебімен ойсырата жеңді. Кездесу Севильядағы «Рамон Санчес Писхуан» стадионында өтті.

Кештің басты қаһарманы Ламин Ямаль болды. 19 жастағы вингер матч басталғаннан кейін шамамен 75 секунд өткенде есеп ашып, Испания құрамасының ұзақ шабуылын нәтижелі аяқтады. Бұл гол Ұлттар лигасының қазіргі маусымындағы ең жылдам гол болды.

Хорватия көп ұзамай жауап берді. 28-минутта Иван Перишичтің пасынан кейін Дион Белжо есепті теңестірді. Алайда теңдік ұзаққа созылмады. Үш минуттан кейін Ямаль Марк Пубильге пас беріп, қорғаушы Испанияны қайтадан алға шығарды — 2:1. Бұл Пубильдің ұлттық құрама сапындағы алғашқы голы болды.

Екінші таймда Ямаль дубль жасады. 63-минутта Педри қорғанысты қақ жарып пас берді, Пубиль допты өткізіп жіберді, ал Ламин алыс бұрышқа дәл соққы жасап, есепті 3:1-ге жеткізді. 89-минутта алаңға қосалқы құрамнан шыққан Нико Уильямс матчтағы соңғы нүктені қойды.

Осылайша Ямаль кездесуді екі гол және бір нәтижелі паспен аяқтады, ал Испания турнирдегі қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді. Бірінші турда әлемнің қазіргі чемпионы Англияны «Уэмбли» стадионында 3:2 есебімен жеңген болатын.

Бұл кештің тағы бір көрсеткіші — Испанияның жеңіліссіз сериясы 40 матчқа жетті. Бұл аралықта команда 31 жеңіс пен тоғыз тең нәтиже тіркеді. Испания құрамасы соңғы рет 2024 жылдың наурызында Колумбиядан жеңілген.

Екі турдан кейін Испания алты ұпай жинап, А3 тобында жеке-дара көш бастап тұр. Де ла Фуэнте шәкірттері келесі кездесуін 3 қазанда өз алаңында Чехияға қарсы өткізеді.

УЕФА Ұлттар лигасы-2026/27. А лигасы, 3-топ. 2-тур

Испания — Хорватия — 4:1

Голдар: Ямаль, 2-мин (1:0), Белжо, 28-мин (1:1), Пубиль, 31-мин (2:1), Ямаль, 63-мин (3:1), Нико Уильямс, 89-мин (4:1).