Ясмина Тоқсанбаева Қазақстанға Азиададағы тоғызыншы алтынды сыйлады

Фото: НОК
Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азиадада алтын медаль жеңіп алды.
Ол марафон қашықтығында спорттық жүрістен 3 сағат 22 минут 20 секунд нәтиже көрсетіп, жарыс жеңімпазы атанды.
Күміс медаль Қытай өкілі Данцэн Цюйцзунға бұйырды. Ол жарысты 3:26:09 уақытпен аяқтады. Қытайлық тағы бір спортшы Ма Ли 3:32:26 нәтижесімен үшінші орын алды. Тоқсанбаева ең жақын қарсыласынан 3 минут 49 секундқа озып кетті.
Бұл Қазақстан құрамасының Азиада-2026 ойындарындағы тоғызыншы алтыны болды. Тоқсанбаева ұлттық құрама сапына марафондық спорттық жүріс бойынша енгізілген. Қазақстанның жеңіл атлетика құрамасына барлығы 30 спортшы кірді.
Бұл Ясмина Тоқсанбаеваның 2026 жылғы Азия деңгейіндегі алғашқы жүлдесі емес. Шілде айында Ордос қаласында өткен Азия жастар чемпионатында ол 20 шақырымдық спорттық жүрістен қола медаль жеңіп алды. Оның нәтижесі - 1 сағат 41 минут 26 секунд.
Ерлер арасындағы марафондық спорттық жүрісте Қазақстан атынан Георгий Шейко өнер көрсетті. Ол жарысты алтыншы орынмен аяқтады.
