Юлия Путинцева «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымына әрең өтті

Темирлан Мажекенов ··
Фото: Robert Prange/Getty Images

Фото: Robert Prange/Getty Images

Әлемнің 76-ракеткасы, қазақстандық теннисші Юлия Путинцева «Ролан Гаррос» — 2026 турнирінің екінші айналымына жолдама алды.

Турнирдің алғашқы матчында қазақстандық спортшы WTA рейтиңінде 58-орында тұрған аустралиялық Талия Гибсонды 4:6, 6:4, 6:1 есебімен жеңді.

Матч 2 сағат 20 минутқа созылды.

Айта кетейік, бұған дейін Путинцева мен Гибсон өзге турнирде бір рет кездескен. Сол матчта да Қазақстан өкілі 1:6, 6:3, 6:2 есебімен жеңіске жеткен еді.

Келесі айналымда қазақстандық теннисші Мария Осорио (Колумбия) мен Екатерина Александрова (Ресей) арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды.

Еске салайық, биылғы маусымда «Үлкен дулыға» санатындағы грунт турнирінің жалпы жүлде қоры 72 811 352 долларды (шамамен 34,05 млрд теңге) құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда жүлде қоры рекордтық 9 478 131 долларға (шамамен 4,43 млрд теңге) өсті.

Жекелей сындағы турнир жеңімпаздары 3 303 012 доллар (шамамен 1,55 млрд теңге) сыйақы алады. Бұл 2025 жылғы чемпион алған сыйақыдан 401 988 долларға (шамамен 188 млн теңге) көп. Ал финалистерге 1 651 506 доллар (шамамен 772,2 млн теңге) беріледі.

Юлия Путинцева «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымына әрең өтті – sport-hub