«Жаңа белесті бағындырдыңыз»: Тоқаев Рыбакинаны әлемнің бірінші ракеткасы атануымен құттықтады

Фото: Ақ Орда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны WTA әлемдік рейтингінде бірінші орынға көтерілуімен құттықтады.
Мемлекет басшысы қазақстандық теннисшінің жоғары кәсіби шеберлігін, талантын, еңбекқорлығы мен өз күшіне деген сенімін атап өтті.
«Өзіңіздің зор талантыңыз, табанды еңбегіңіз бен өзіңізге деген берік сеніміңіздің арқасында WTA рейтингінде көш бастап, жаңа белесті бағындырдыңыз. Бұл тарихи жеңіс Қазақстан спортын әлемге танытты. Есіміңіз әлемдік теннис тарихына мәңгілікке жазылды.
Жарқын жетістіктерге толы жолыңыз еліміздің жас спортшыларына және әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған теннис жанкүйеріне үлгі болып отыр. Сондай-ақ кортта да, қоғамдық орындарда да, адамдармен қарым-қатынаста да байқалатын жоғары мәдениетіңізді ерекше атап өткім келеді. Бұл, сөзсіз, сіздің даналығыңыз бен биік адамгершілік қасиеттеріңіздің айқын көрінісі», – делінген құттықтауда.
Рыбакина тарихи нәтижесін US Open-2026 турнирінде тіркеді. Ширек финалда қазақстандық спортшы Қытай өкілі Чжэн Циньвэньмен кездесті. Бірінші сетте 3:6 есебімен жеңілгеніне қарамастан, Рыбакина ойын барысын өзгертіп, кейінгі екі партияда 6:1, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Бұл жеңіс Елена Рыбакинаға мансабында алғаш рет US Open турнирінің жартылай финалына шығуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар бұл нәтиже қазақстандық теннисшінің WTA рейтингінде бірінші орынға көтерілуін қамтамасыз етті. Бұл оның кәсіби мансабындағы ең ірі жетістіктерінің біріне айналды.
Рыбакинаның жартылай финалдағы қарсыласы ресейлік Мирра Андреева мен америкалық Коко Гауфф арасындағы матчтан кейін анықталады.