Жәнібек Әлімханұлы Хамза Ширазбен чемпиондық жекпе-жек өткізу құқығына ие болды

Бегасыл Амирбай ··
Фото: x_@EverythingBoxi2

Фото: x_@EverythingBoxi2

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы екінші орта салмақтағы WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы, британдық Хамза Ширазға міндетті қарсылас мәртебесін алды.

WBO бұл шешімді міндетті үміткер мәртебесіне таласқан даниялық Якоб Банктың командасының өтінішін қарағаннан кейін Жәнібек Әлімханұлының пайдасына шығарды. Қазақстандық боксшы ұйымның 76,2 келіге дейінгі салмақтағы рейтингінде екінші орында, ал Банк төртінші орында тұр.

Шешім қабылдауда Жәнібектің чемпиондық тәжірибесі маңызды рөл атқарды. Екінші орта салмаққа ауыспас бұрын ол орта салмақта WBO белбеуіне ие болған. Ал 2023 жылдың қазанында Винченцо Гуальтьериді мерзімінен бұрын жеңіп, WBO титулын IBF белбеуімен біріктірді.

Әлімханұлы мен Шираздың командаларына чемпиондық жекпе-жек өткізу жөнінде келіссөздерді бастау тапсырылды. Тараптарға келісімге келу үшін 20 күн берілді. Егер мәмілеге келе алмаса, WBO промоутерлік сауда өткізеді.

Айта кетерлігі, Әлімханұлы (17-0, 12 КО) мен Шираз (24-0-1, 19 КО) бұған дейін де рингте кездесуі мүмкін болған. 2024 жылдың қазанында WBO британдық боксшыны сол кезде Жәнібекке тиесілі орта салмақтағы титулға міндетті үміткер ретінде белгілеген. Алайда тараптар келісімге келе алмады. Осыдан кейін ұйым промоутерлік сауда өткізуді тағайындағанымен, жекпе-жек ақырында өтпеді.

Еске салайық, қазақстандық боксшы мельдонийге тапсырған допинг-сынамасы оң нәтиже көрсеткеннен кейін желтоқсан айына дейін дисквалификациясын өтеп жатыр. Көктемде IBF Әлімханұлын чемпиондық белбеуінен айырды, кейін WBO да оның чемпиондық мәртебесін жойды.