Жарақатына байланысты керуетке жатып ойнаған Фирузджа Бухаресттегі турнирден кетіп қалды

Темирлан Мажекенов ··
Фото: ФИДЕ

Фото: ФИДЕ

Аяғынан жарақат алғандықтан қонақүйдегі бөлмесінде керуетке жатып ойнаған француз гроссмейстері Алиреза Фирузджа Румыниядағы турнирді жалғастырмайтын болды.

Фирузджаның жарысты мерзімінен бұрын аяқтағанын Grand Chess Tour хабарлады.

Шахматшы үшінші турдан кейін жарақат алған еді. Ол төртінші тур партиясын өткізіп алды. Командасымен кеңескеннен кейін 22 жастағы спортшы төрешінің бақылауымен «арнайы бөлмеде» ойынын жалғастырды.

Дүйсенбі күні француз шахматшысы бесінші турда өзбекстандық Жавохир Синдаровпен тең түсті. Ал сейсенбіде жарақатына байланысты кейінге шегерілген төртінші тур матчында америкалық Фабиано Каруанаға есе жіберді.

Бес турдан кейін Фирузджаның еншісінде бір ұпай бар және ол турнир кестесінде соңғы, 10-шы орында тұр. Бухаресттегі Grand Chess Tour кезеңінің жүлде қоры 475 мың долларды құрайды.