Жеңіліп көрмеген Чеботарь IBA Nomad турнирінде мексикалық боксшыны жеңді

Али Асетов··
vasiliychebotar1 / Instagram

vasiliychebotar1 / Instagram

Қазақстан астанасында IBA Nomad лигасының қолдауымен өтіп жатқан кәсіпқой бокс кеші — International Boxing Day басталды.

Рингке алғаш болып Василий Чеботарь шықты. Жеңіліп көрмеген Молдова өкілі мексикалық Хосе Мигель Боррегоға қарсы жұдырықтасты. Боксшылар бірінші орта салмақта сегіз раундтық жекпе-жек өткізді.

Чеботарь алғашқы минуттардан-ақ басымдығын байқатып, жекпе-жектің басым бөлігінде бастаманы қарсыласына берген жоқ. Молдова спортшысы арақашықтықты сауатты сақтап, дәл соққыларын дарытып, жекпе-жестің барысын сенімді бақылауда ұстады.

Жекпе-жектің соңына қарай Чеботарь қысымды айтарлықтай күшейтті. Сегізінші раундта ол Боррегоны сілейтіп алды. Мексикалық боксшы мерзімінен бұрын жеңілуге шақ қалды. Алайда ол соңғы гонгке дейін шыдады.

Сегіз раунд аяқталғаннан кейін төрешілер бірауыздан Чеботарьды жеңімпаз деп таныды.

Бұл Молдова боксшысы үшін кәсіпқой мансабындағы 20-жеңіс болды. Сонымен қатар ол әлі де жеңіліс көрген жоқ — Чеботарь тоғыз жеңісін нокаутпен аяқтаған.

Ал Боррего мансабындағы алтыншы жеңілісін тіркеді. Қазіргі таңда мексикалық боксшының қоржынында 23 жеңіс пен бес жеңіліс бар. Оның 19 жекпе-жегі мерзімінен бұрын аяқталған.

Айта кетейік, Чеботарь бұған дейінгі жекпе-жегінде титулдар топтамасын толықтырған. Молдова боксшысы украиналық Назри Рахимовты жеңіп, WBC нұсқасы бойынша жастар арасындағы әлем чемпионы атанған. Рахимовтың кәсіпқой бокстағы рекорды — 15 жеңіс және бес жеңіліс.