«Жеңіс біз жақта болуы мүмкін еді»: Қасымов Қазақстан - Грекия матчынан кейін пікір білдірді

Али Асетов··
Фото: ҚФФ

Фото: ҚФФ

Қазақстан 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Тимур Қасымов Еуропа чемпионаты-2027 іріктеу кезеңінің алғашқы сатысындағы Грекияға қарсы соңғы матчқа қатысты пікірін айтты. Кездесу 2:4 есебімен қарсылас пайдасына аяқталған болатын.

Маманның айтуынша, жеңіліс көңілге қаяу түсіргенімен, команда кез келген жағдайда бірлігін сақтауы тиіс.

«Әрине, жеңілу әрдайым ауыр. Бірақ жеңістен кейін де, сәтсіздіктен кейін де бір команда болып қалып, бір-бірімізді қолдау маңызды», – деді Қасымов.

Бапкер кездесудегі жіберілген қателіктер жеңілістің негізгі себептерінің бірі болғанын атап өтіп, нәтиже үшін жауапкершілікті өз мойнына алатынын жеткізді.

«Біздің жақсы ойынымыз кездейсоқтық емес. Жігіттер мінез көрсетті және жоғары деңгейде бәсекелесе алатынын дәлелдеді. Бұл матчты жан-жақты талдап, алға қарай жұмысымызды жалғастырамыз», – деп қосты маман.

Еске салайық, 9 маусым күні Қазақстан U-19 құрамасы Еуропа чемпионаты-2027 іріктеу кезеңінің алғашқы раундындағы соңғы матчын өткізді. Грекиямен кездесуге дейін қазақстандықтар төрт ұпаймен топ көшін бастап тұрған еді. Алайда жеңілістен кейін үшінші орынға сырғыды.

Соған қарамастан, Қазақстан құрамасы өз міндетін орындап, іріктеу кезеңінің екінші раундына жолдама алды.